Баланы сүйсең – тәрбиесін сүй
Қазіргі ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі «тәрбие – бесіктен басталады», «баланы дүниеге келген сәтінен тәрбиелеу керек» деген бұрынғы ғұламалардың пікірінің мәнін жойып, ескі ұғымға айналдырып отыр. Себебі бесіктен басталған тәрбие – кеш басталған тәрбие.
Белгілі жазушы Советхан Ғаббасовтың айтуынша тәрбие тәсілдері бала дүниеге келместен, ана құрсағанда пайда болмастан бұрын болашақ ата-ана болар жастардың танысқан сәттерінен басталуы керек. Яғни, «сүйекке біткен мінез» демекші, ендігі тәрбие бастауы – ұрық тазалығында.
Қазіргі біздің қоғамымызда туа біткен ауру мен кемтар балалар жиі кездеседі. Оның бірінші себебі экологиялық жағдай болса, екінші себебі – арақ ішіп, шылым шегіп, есірткі қолданып уланып жатқан ұрпақтан екендігі баяғыда-ақ дәлелденген. Олай болса, қоғамдық мәні аса зор, адам тәрбиесінің алтын қазығы болып саналатын халық педагогикасының ғылыми негіздері мен жүйелерін бір арнаға келтіру мақсатында Қазақ білім академиясының құрамындағы «Мектепке дейінгі тәрбие» ғылыми зерттеу институты үлкен игі істер атқаруда.
Жалпы халық педагогикасының негіздері адамның өз бойынан, яғни оның физиологиялық кезеңдерінен құралады. Адамның тән құрылысы – биологиялық заңдылықтардың бесігінде тербеліп шықса, ал жандүниесі – тәрбиелік тәлімнен ғана нәр алады.
Адамның өсу жолындағы әрбір кезеңінің өзіне тән тәрбие әдістері бар. осы тәрбие әдістерін бүгінгі таңға орайластыра шартты түрде жіктесек:
1) Отбасы болуға дайындық және ұрық тазалығы;
2) Ана құрсағындағы 9 ай;
3) Бесіктің тәрбиелік мәні;
4) Балбөбек кезеңі;
5) Балабақша тәрбиесі;
6) Бастауыш мектеп кезеңі;
7) Орта білім беру және кәмелеттік кезең болып шығады.
Енді осыларға жеке-жеке тоқталатын болсақ, ұрық тазалығы – адам тәрбиесінің алғашқы шарты. Таза ұрықтан бірте-бірте өсетін жан иесінің жүрек тәрбиесі мен ақыл тәрбиесі қатар қалыптасады.
Ана құрсағындағы 9 ай, 9 күнге созылатын өмірінде нәресте бүкіл жер бетіндегі тіршіліктің миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан баспалдақтарын басып өтеді. Ана құрсағындағы ұрық тазалығын, оның дұрыс дамып жетілуін, тәрбиесін үнемі қадағалап отыру үшін жиі дәрігердің бақылауында болып, әртүрлі кеңестер алып отыруы керек. Себебі, анасының кішкене болса да күйзеліске немесе ауруға шалдығуы іштегі нәрестеге үлкен әсерін тигізеді. Адамның жан тәрбиесінің құрамындағы 12 арнаның 7-еуі (түйсік, ұят, сүю, зер, қабілет, жігер, мінез) осы кездерден қалыптаса бастайды. Одан кейін барып сыртқы 5 мінез қосылады, ал егер жоғарыда аталған 7 арнаның бірі болмаса, тәрбие кетік болып қалады.
Халқымыз жас ұрпақты оқытып тәрбиелеу жайында да талай сындарлы пікірлер айтқан. «Баланы таба білсең, баға да біл», «Баланы сүйсең – тәрбиесін сүй», «Баланы мақтау жетілдірмейді, тәрбиелеп баптау жетілдіреді» деген сынды мақал-мәтелдер баланы құр айналайын дей бермей, оны адамгершілікке баулу жағын ойластыру қажеттігін, отбасынан, ұшатын ұясынан, ата-анасынан алатын тәрбие қандай болса, көп жағдайда оның адалдығы, өмірі де соған орай құрылады деген ойды аңғартады.
Баланы оқытып тәрбиелеуді оның жас кезеңінен бастап қолға алса ғана тәрбие нәтижелі болып, жақсы жеміс бере алады. Жас бала табиғатында оқып үйренуге, таны білуге әуес. «Баланы үйрет, үйренетін кезде», «буының қатпай білім ал» дейді бұл жөнінде қазақ нақылы. Тәрбиенің барлығы, ең алдымен, әрбір отбасынан басталады.
Халқымыз «Ер – елдің иесі, әйел – үйдің иесі» десе керек. Біз адам бойына ең ізгі қасиеттер күннің көзінен, ананың ақ сүтінен дариды деп жатамыз. Демек, ананың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін ештеңемен теңестіруге болмайды.
Баланың бойына ана тіліміздің кәусарын сіңіру, ұлттық дәстүр, салт-санамызды дарыту әрбір ананың қасиетті борышы. Осы борышты терең сезінген ана ғана балаға дұрыс тәрбие бере алады.
Ұл мен қызға нағыз тәрбие беретін шақ – нәрестелік кезең мен сәбилік дәуір. Балалық шақта адамға қажетті қасиеттермен қатар жыныстық тәрбие жағынан зор ықпал етуге болады. Сол үшін ата-аналар, балабақша тәрбиешілері мен мектеп мұғалімдерінің балаларға дер кезінде әрі пәрменді ықпал етуі үшін, сәбилер мен жас өспірімдердің жас ерекшеліктеріне байланысты жайларды жақсы білуі тиіс.
Сәбидің жыныстық сезімінің алғашқы жылт еткен болар-болмас белгісі ұялудан басталады. Ұл бала қыз баланың көзінше, қыз бала ұл баланың көзінше шешініп-киінуден, жыныс мәселелеріне байланысты сөйлесуден ұялады. Адам баласының жыныстық жағынан үлкен үш кезеңге бөлуге болады.
1-кезең – жалпы өсіп жетілу кезеңі;
2-кезең – бөлектенбеген жыныстық әуестік кезеңі;
3-кезең – жыныстық жағынан пісіп жетілу кезеңі.
Бұл кезеңдер бірте-бірте дамып, бірінен кейін біріне өздігінен ауысып отырады. Осы кезеңдерде ата-аналар мен мұғалімдер жас жеткіншектерге күдікпен қарамай, оларға ерекше көңіл бөлу керек.
Сондықтан аналар ұрпақ алдындағы жан-жақты тәрбиенің жауапкершілігін сезінсе, болашақ аналар отбасынан заманға лайық, дұрыс тәрбие алса, оған бүкіл азаматтар болып, ел болып ойланып, қамқорлық жасалса, ұрпағымыздың ертеңгі тағдырына сенімді болатынымыз анық.
e-mail: obl_hospital@list.ru
© 2025 Все права защищены и сохранены. Государственное учреждение «Мунайлинская центральная районная больница».
При использовании материала из сайта ссылка на источник обязательна
Сайт "OpenSpace" контентті басқару жүйесінде жұмыс істейді.
2023 © Барлық құқықтары қорғалған.