ҚЫЗЫЛША – кең таралған жіті инфекциялық ауру, көбінесе
балалар ауырады, дене қызуының 38—40°C дейін көтерілуі, мұрын, көз,
тамақ қабыну, теріде бөртпе пайда болу белгілерімен сипатталады.
Қызылша бүгінгі күні ең жұқпалы аурулардың бірі. Бұл инфекцияға
шалдыққыштық 100% - ол дегеніміз, егер бұрын қызылшамен ауырмаған және
егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен қарым-қатынаста болса, ауру
жұқтыру қаупі өте жоғары. Сол үшін де екпе мерзімін қатаң сақтау және
инфекция ошағында эпидемияға қарсы шаралар жүргізу өте маңызды.
Қызылшаның белгілері:
Аурудың өрбу кезінде анықтау қиындық туғызбайды. Теріде қызылша бөртпелері шықпай тұрғанда, науқастың қызылшамен ауырған ортада болуы, тамағындағы қабыну, көздің қызаруы, ұртта Бельский-Филатов-Коплик ақшыл бөртпелердің пайда болуы диагнозды растайды. Кейін теріде үш күнде біртіндеп шыққан бөртпелер диагнозды толық дәлелдейді
Инкубациялық кезең – жұқтырғаннан бастап алғашқы белгілері байқалғанша, 7-ден 14 күнге дейін. Есте сақтау керек: ауру бөртпе пайда болып басталмайды, суық тию белгілері сияқты басталады-дене қызуы 38-40 градусқа көтерілу, әлсіздік, тәбет тартпау, құрғақ жөтел, мұрыннан су ағу.
Соңынан коньюктивит-көзі қызарып қабыну пайда болады. Алғашқы белгілері байқалып, шамамен 2-4 күннен кейін ауыз қуысында ақыл тістеріне қарсы ұсақ ақшылдау бөртпелер пайда болады. 3-5 күні бөртпелер айқын дақ түрінде қаптап, көбейіп кетеді. Құлақтың түбінен, маңдайдан бастап, ары қарай бүкіл денесін жауып кетеді. Ұсақ қызғылт дақтар үлкейіп, бір-бірімен қосылып, формасы өзгереді. Бөртпе пайда болып, 2-3 күннен кейін дақтар өршіп тұрған кезде дене қызуы тағы да көтеріліп, 40,5 градусқа жетуі мүмкін. Бөртпе 4-7 күн тұрады. Олар жоғалған соң, орнында қоңырлау дақтар қалады, екі аптадан соң тері тазарады.