Күз келіп ауа-райы өзгереді.
Бау –бақшада жеміс-жидектер пісіп, базарларда сауда қызи түсті.
Дегенменде дәл осы мезгілде жедел ішек инфекциясын жұқтырып, аурханаға түсіп жатқан науқастар саны көбиіп келеді.
Жедел ішек инфекциялары – бұл бактериялар, вирустар, қарапайымдылар тудыратын және балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) сипатталатын жұқпалы ауру. Бұл әлемде ең көп таралған инфекциялардың қатарына жатады. Барлық ересектердің, әсіресе, балалардың дизентериямен, сальмонеллезбен, колиэнтеритпен және басқа да жедел ішек инфекцияларымен ауырмаған бірде бір ел жоқ. ДДҰ (дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының) мәліметтері бойынша жылына ішек инфекцияларынан емізулі жастағы 3 миллионға жуық бала қайтыс болады.
Ішек инфекциялары бұрынғы заманнан бері кір қолдың ауруы деп аталып келіп, онымен салақ адамдардың жиірек ауыратындығы дәлелденген. Шынында біз күн сайын күні бойына қолымызбен айналадағы кір заттармен жанасамыз, айтар болсақ, қоғамдық көліктерде тепе-теңдікті сақтау үшін тұтқаны ұстаймыз, неше түрлі адамдар ұстаған қоғамдық мекемелердің есік тұтқасын ұстаймыз, дүкендерде сауда жасағанда сатушымен, көліктерде кондуктормен есеп айырысамыз, ақша санасамыз, таныстарды көргенде қол беріп амандасамыз. Осыдан келіп, «жұмыстан, серуендеуден үйге келгенде, тамақ дайындаудың, ішердің алдында, сондай-ақ балалармен ойнарда және оларға күтім жасағанда қолыңызды сабындап мұқият жуыңыз» деген қарапайым ережелер туындайды. Осындай қарапайым ережемен Сіз өзіңізді де және отбасы мүшелерін де әртүрлі инфекциялардан қорғай аласыз.
Ішек инфекцияларының пайда болуының алдыналу үшін тағамдық азық-түліктердің жарамдылық сапасы өте маңызды – көптеген тағамдарда бактериялар тек қана өміршеңдігін сақтап қана қоймай, олар ауру тудырушы қасиетімен адамның қолымен тағамды ауызына апарғанда асқазан-ішек жолына кір қолы арқылы, ластанған су арқылы, сапасыз азық-түліктер арқылы түсіп қарқынды түрде көбейеді.
Әсіресе, тұтынар алдында термиялық өңдеуден өтілмейтін тағамдар өте қауіпті. Ондай тағамдарға салаттар, винегреттер, сондай-ақ жемістер мен жидектер жатады. Салаттар мен винегреттерді, әртүрлі тұздықтар мен гарнирлерді тоңазытқышсыз түнге қалдыруға болмайды. Жаз және күз маусымында сүт және сүт өнімдерінде бактериялардың көбеюіне қолайлы жағдайлардың туындайтынын білу керек. Жеке адамдардан сатып алған құйылып сатылатын сүтті міндетті түрде қайнату керек. Ал пастерленген ірімшіктен пісірмелер, пудингтер, сырниктер дайындаған дұрыс. Дайын тағам қалдықтарын міндетті түрде тоңазытқышта беті жабық ыдыста, шикі мен дайын тағамды бөлек ыдыста сақтау керек, оларды бөлек тақтайларда арнайы пышақтармен бөлу керек.
Бұл ретте тұрғындарды жуылмаған және бұзылған көкөністерді, жемістер мен жидектерді, қауын, қарбызды тағамға қолданбауға шақырамыз.
Өкінішке қарай, қаладағы арнайы емес орындардағы, әсіресе базарлар маңындағы аймақтардағы сауда бойынша ахуал мәз емес. Өзіңіз білетіндей және көріп жүргендей, азық-түлік өнімдері жерден қолмен, арнайы киімсіз, санитарлық кітапшасыз сатылады. Бейберекет сауда, ауру тудырушы бактериялардың тағамдық азық-түліктерде өміршеңдігі мен көбеюіне және таратылатын азық-түлік өнімдерінің (жеке адамдар сататын салаттар, тандыр күлшелер мен тандыр самсалар, бәліштер, түскі астар мен әртүрлі сусындар және т.б.) сапасының төмендеуіне ықпал етеді. Сондықтан, кездейсоқ адамдардан тағамдық азық-түліктерді сатып алмағандарыңыз дұрыс.
Сонымен қатар, салаттарды, крем қосылғаникондитерлік (пирожный, заварной, трубочка, эклер, рулет, начинкасы бар кекс пен торт) және кулинарлық(сэндвич, пицца, хот-дог, самса, беляш, чебурек, чизбургер мен гамбургерлер) өнімдерді тоңазытқыш витринасыз сөрелерде сақтаса, өнімді шығарушы, шығару мерзімі мен сақтау мерзімі көрсетілмесе сатып алмаңыз. Есіңізде болсын, тоңазытқыш витриналарда салаттар 12 сағаттан артық, сэндвичтер, хот-догтар мен кондитерлік өнімдер 72 сағаттан артық уақыт сақталмауы керек.
Ішек инфекциялары мен сальмонеллезбен сырқаттанған адамдарға жүргізілген талдаулар бойынша, соңғы кездері жұмыртқаны және тауық етін тұтынумен байланысты жағдайлардың жиілегенін көрсетіп отыр. Дүкендерде тауық еті сатылғанда +2, +3 градустық температурада 2 тәуліктен артық болмауы керек, бөлме температурасында жұмыртқа 25 тәуліктен артық сақталмауы керек. Құс еті мен жұмыртқаны сатып алғанда, олар қорапта болса да, бөлек пакеттерге салу керек.
Өнімдердің жақсылап қуырылуы мен қайнатылуына көңіл бөліңіз. Етті қайнатқанда ірі кесек жасамай 1 сағаттан кем емес, жұмыртқаны 15 минуттан кем емес қайнату керек (осы уақыт аралығында сальмонеллалар толығымен жойылады). Жұмыртқаны шикі немесе шала қайнатылған күйінде қолданбаңыз.
Сіз білесіз бе, кездейсоқ жерлерден су іше салу және ластанған, шомылуға арнайы көрсетілмеген жерлерде шомылу Сіздің денсаулығыңыз үшін өте қауіпті. Ауру жұқтырмас үшін, маңызды гигиеналық дағдыны әдетке айналдыру керек – суды тұтынар алдында кішкентай бір күдігіңіз болса, оны міндетті түрде қайнатыңыз немесе бөтелкедегі суды ішіңіз.
Ал ең кішкентай нәрестелерге келсек, оларды аурудан сақтау үшін қарапайым санитарлық-гигиеналық ережелерді, оларды күту кезінде: баланы әрбір тамақтандырар алдында және тамағын дайындар алдында қолды жақсылап сабындап жуукерек, оның әрбір затын, ойыншықтарын, бөтелкесі мен емізіктерін таза жағдайда ұстау керек.
Аурудың себептерін анықтау барысында көптеген аналар, әсіресе жас аналар,балалар қоспасына арналған бөтелкені ыстық сумен шаюдың орнына бірнеше рет қолданатындықтарын айтады. Балалар арасындағы ішек инфекцияларының басты себебіне балалар қоспалары мен шырындарын тоңазытқышсыз ұзақ уақыт сақтау да себеп болып отыр, олардың сақталу температурасы +8 0С аспау керек.
Ішек инфекцияларының алдын алуға болады және алдын алу керек. Бұл үшін алдын алудың қиын емес, бірақ өте тиімді ережелерін білу керек және қатаң түрде сақтау керек. Кей жағдайларда ауру өте ауыр түрде өтіп, өмірге қауіп тудыруы мүмкін. Сол үшін «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөздер әрқашан да өз маңызын жоймайды.